1 қыркүйек - Білім күні
Сыңғырлаған алғашқы қоңырау: Мектебіміз өз шәкірттерін қарсы алды!
1 қыркүйек – Білім күні мектебіміздің табалдырығында айрықша салтанатпен аталып өтті. Бұл күн – арман қуған жастардың, білім шыңына ұмтылған өрендердің және ұлағатты ұстаздардың ортақ мерекесі.
Биылғы оқу жылы біз үшін ерекше. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1-сынып бүлдіршіндері үшін бұл күн үлкен өмірге бастар алғашқы қадам болса, мектеп бітіруші түлектеріміз үшін қимас та соңғы алғашқы қоңырау соғылды.
Мерекелік шара барысында:
Мектеп директоры құттықтау сөз сөйлеп, оқушыларға сәт-сапар тіледі;
Үздік оқушылар ту көтеру мәртебесіне ие болды;
Алғашқы қоңырау үнімен бірге барлық сыныптарда «Білім – баршаға» атты ашық тәрбие сағаттары өтті.
Барша оқушыларды, ата-аналар мен ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймыз! Биік белестерді бағындырып, білім нәрімен сусындай берейік!